Түркістанда Қытай инвесторларымен логистикалық әріптестік мәселесі талқыланды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасынан келген ірі инвесторлар делегациясын қабылдап, аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Іскерлік кездесуде логистикалық инфрақұрылымды дамыту, бірлескен өндіріс орындарын құру және халықаралық сауда өкілдіктерін орналастыру жөнінде нақты келіссөздер жүргізілді.
Қонақтар өңірдегі индустриалды аймақтармен танысып, өндіріс орындарының жұмысымен көзбе-көз танысты. Түркістан арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізінің логистикалық әлеуеті мен аймақтың кадрлық мүмкіндігі де назардан тыс қалмады.
– Біз заманауи логистикалық парктер, әуежай маңынан техникалық қызмет көрсету орталықтарын ашу, халықаралық жүк тасымалы бағыттарын дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Сондай-ақ индустриалды аймақ құру арқылы инвестициялық жобаларды бірге жүзеге асыруға зор мүмкіндік бар, – деді облыс басшысы.
Кездесуде екіжақты серіктестікпен қатар ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізі қаланып, тараптар нақты жобаларды таныстырды. Қытайлық тарап Түркістанда салынып жатқан мақта өңдеу зауытын, Сауран ауданы Ораңғай ауылындағы арнайы экономикалық аймақты аралап, Turan АЭА жобаларымен танысты.
Сапар соңында делегация Түркістан қаласының тарихи орындарына экскурсия жасап, аймақтың туристік әлеуетіне де оң бағасын берді.