Жексенбі, 8 Маусым

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ЗАУЫТТАР МЕН ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Түркістан облысында жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалардың барысы талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысына инвесторлар, аудан-қала әкімдері мен кәсіпкерлікке жауапты сала басшылары қатысты. Жиында жобаларды жүзеге асырудағы түйткілдер қаралып, өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа кәсіпорындар ашу мәселелері күн тәртібіне қойылды.

Өндіріс орындарын көбейту – басты мақсат

– Біз әрбір инвестициялық жобаның орындалуын мұқият бақылауда ұстаймыз. Туындаған мәселелерге қолдау көрсетіп, аудан-қала әкімдері мен басқарма басшылары ұйымдастыру, үйлестіру және инфрақұрылым бойынша жұмыстарды жедел шешулері қажет. Негізгі мақсатымыз – жаңа өндіріс ошақтарын ашу және отандық өнім көлемін арттыру, – деді облыс әкімі.

Ірі жобалар мен инвестор ұсыныстары талқыланды

Жиында бірқатар нақты жобалар мен кәсіпкерлердің ұсыныстары қаралды. Ұйымдастыра алмай отырған жауаптыларға сын-ескертпелер айтылып, жұмысты күшейту тапсырылды.

Негізгі жобалар қатарында:

  • Сауран ауданы«Xingtai Tiancheng Textile Co., Ltd.» компаниясы мақта өсіру, жіп иіру және тоқыма өндірісімен айналысатын зауыт құрылысын бастады. 120 адам жұмыспен қамтылады.
  • Ордабасы ауданы – ірі қара сүйектерін өңдеп, майлы және желатинді компоненттер өндіретін зауыт салынбақ.
  • Түркістан қаласы«JASYL SUYQ QAZAQSTAN» ЖШС-нің салқындатқыш жабдықтар шығаратын зауытының екінші кезеңі салынып жатыр.

Сондай-ақ, еденге арналған жабын материалдарын, бір реттік ыдыс пен кептірілген жемістерді өндіретін зауыттардың құрылысы қаралуда.

Инвестициялық серпін мен жаңа жобалар

2025 жылдың басынан бері Түркістан облысына 196,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе артық. Облыс экономикасына серпін беретін 110 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылған. 2025–2028 жылдар аралығында іске асырылатын бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Биылдың өзінде 322 млрд теңгеге 57 жоба жүзеге асып, 6908 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Индустриялық аймақтар мен шағын өндірістік парктер кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге әзір.