ТҮРКІСТАНДА «ТҰЛҒАЛАР МУЗЕЙІ» АШЫЛДЫ: Н.ОҢДАСЫНОВ МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН ЖАҢА ДАМУ КЕЗЕҢІ

Түркістан облысында мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығына орай «Тұлғалар музейі» ашылды. Бұрынғы «Н.Оңдасынов атындағы музей» енді жеке мекеме ретінде қайта құрылып, «Ұлы дала елі» орталығының құрамынан бөлінді. Жаңа атаумен музей көрнекті тұлғалар мұрасын кеңінен насихаттауды көздейді.

Музей басшысы болып музей ісінде 2008 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Ұлбосын Орынбайқызы тағайындалды. Ол 2012–2025 жылдар аралығында осы музейдің филиал меңгерушісі қызметін атқарған. Жаңа қызметіне ресми түрде кіріскен директорға облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев сәттілік тілеп, музейдің жаңа кезеңіне сенім білдірді.

2004 жылы Н.Оңдасыновтың 100 жылдығына орай ашылған музейде қайраткердің өмірі мен еңбегіне қатысты бағалы жәдігерлер, қолжазбалар, жеке заттары мен тарихи құжаттар қойылған. Экспозициялар ХХ ғасырдағы қазақ зиялыларының өмірін таныстырып, келушілерге ұлт тарихының жарқын беттерін паш етеді.

Жаңартылған «Тұлғалар музейі» алдағы уақытта басқа да ірі тарихи тұлғалардың мұраларын зерттеп, ұрпаққа насихаттауды жоспарлап отыр.