Жексенбі, 8 Маусым

Түркістанда 600-ден астам бала қатысқан «Бала үні» өнер фестивалі өтті

 

Түркістан қаласында ҚР Оқу-ағарту министрінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Бала үні – болашақтың үні» жобасы аясында балаларға арналған «Бала үні» өнер фестивалі өтті. Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысты.

– Бұл – балаларға деген шексіз сүйіспеншілік пен қамқорлықтың мерекесі. Баланың бақытты балалығы – кез келген ел мен отбасының басты құндылығы. Түркістан облысында балалардың сапалы білім алып, тәрбиелі әрі салауатты болып өсуі үшін барлық жағдай жасалуда. Жаңа мектептер мен балабақшалар салынып, мәдени-спорттық нысандар ашылуда. Мұның бәрі – сіздердің болашақтарыңыз үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар, – деді Бейсенбай Тәжібаев.

Фестивальге өңірдегі білім беру ұйымдарынан жалпы саны 20 мыңға жуық оқушы тартылса, қорытынды концертте арнайы іріктеуден өткен 600-ден астам өнерлі бала сахнаға шықты.

Іс-шара аясында балалардың ой-пікірі мен ұсыныстарын жеткізуге арналған арнайы челлендж ұйымдастырылды. Бұл бастама – балалардың мектеп, қала және ел өміріне белсенді қатысуын кеңейтуге бағытталған.

Сонымен қатар, ұлттық бұйымдар, тұрмыстық заттар және оқушылардың қолөнер туындылары қойылған көрме өтті. Фестиваль барысында қатысушылар ұлттық мәдениет пен әдебиетті насихаттап, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін өнер арқылы көрсетті.