Түркістанда «Түркістан – бірліктің бастауы» фотобайқауы өтті

Түркістан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орайластырылған «Түркістан – бірліктің бастауы» атты фотобайқау жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жиын дәстүрлі түрде «Достық үйінде» өтіп, татулық пен келісімді арқау еткен шара ретінде айрықша мәнге ие болды.

Фотобайқауды Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Қоғамдық келісім» КММ қолдау көрсете отырып өткізді. Байқауға ҚХА жанындағы құрылымдар, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, сондай-ақ «Ассамблея жастары» республикалық қозғалысының Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері қатысты.

Түрлі этнос өкілдерінің өзара сыйластығы мен ынтымағын бейнелеген фотобайқауға Түркістан облысы мен Алматы қаласынан 20-ға жуық фотограф қатысты. Сонымен бірге, байқауға қашықтықтан қатысып, онлайн түрде жұмыстарын ұсынғандар да болды. Қатысушылар объектив арқылы ел ішіндегі бейбіт өмірді, мәдениеттер арасындағы үндестікті, достықты шығармашылық тілмен жеткізуге тырысты.

Іс-шараның ашылуында сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов фотобайқаудың ел бірлігін насихаттаудағы рөліне тоқталып, қатысушыларға алғысын білдірді.

Қазылар алқасының шешімімен байқау жеңімпаздары анықталды:
1-орынды – Самат Мырзалиев,
2-орынды – Мақсат Шағырбай,
3-орынды – Нуриддин Искаков иеленді.

Жүлдегерлер мен белсенді қатысушылар арнайы Дипломдармен, Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бірлік пен достықты дәріптеген фотобайқау өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, көпшіліктің көңілінен шықты.