НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ «WOOSONG» ҚОРЫ ӨКІЛДЕРІМЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ «WOOSONG» ҚОРЫ ӨКІЛДЕРІМЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Корея Республикасының «Woosong» білім беру қорының құрметті төрағасы Сонг Кён Ким бастаған делегациямен кездесу өткізді. Тараптар Түркістанда бой көтеріп жатқан халықаралық университеттің ашылу барысын, оқу үдерісін жүйелеу мен құжаттарды рәсімдеуді талқылады.
Өңір басшысы жобаның өңір үшін маңыздылығын атап өтіп, әкімдік тарапынан барлық міндеттемелер жоспарға сай орындалып жатқанын жеткізді.
– Ел Президентінің елімізде танымал ЖОО-лар филиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасы аясында бұл университет маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда құрылыс 95 пайызға аяқталып, оқу ордасына 100 грант бөлу көзделуде. Бірлескен жұмысты жалғастыруға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Өз кезегінде Сонг Кён Ким Түркістанда ашылатын университет аймақтың білім және технология саласындағы әлеуетін арттыратынына сенім білдірді. Ол университетте білікті профессорлар мен ұстаздар жұмыс істейтінін атап өтті.
Анықтама ретінде: – 2024 жылғы 1 сәуірде Түркістан облысы әкімдігі мен Корея Республикасының арасында «Woosong» университетін ашу жөнінде меморандумға қол қойылған.
– Университеттің құрылысы 2025 жылдың 15 маусымында толық аяқталады деп жоспарланған.
– Оқу орны 4 факультеттен тұрады, 2340 студентке дейін қабылдай алады. Мамандықтар қатарында:
• Жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау
• Бағдарламалық қамтамасыз ету
• Ақылды зауыт және ІТ өнеркәсіп
• Мультимедиа және веб-дизайн
– Қазіргі таңда оқу бағдарламаларын ҚР білім стандарттарына сәйкестендіру, реестрге енгізу жұмыстары жүргізілуде.
– Жеке кәсіпкердің қолдауымен 600 орындық жатақхана құрылысы да аяқталуға жақын.
Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесе жүзеге асырылып жатыр.