Азизхан Исмаилов: әр тапсырма нақты орындалуы тиіс

Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өтіп, білім беру саласына қатысты маңызды мәселелер қаралды. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл округтері әкімдері, бөлім басшылары және мектеп директорлары қатысты.

Көтерілген негізгі мәселелер:

1. “Таза Қазақстан” бағдарламасының орындалуы:
Мектептердің санитарлық жағдайы, көгалдандыру, экологиялық тәрбие мен табиғатты қорғау шараларының жүзеге асырылуы сараланып, кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар берілді.

2. Білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар:
Әдістемелік кабинет меңгерушісі жылдық есеп беріп, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, цифрлық технологияларды енгізу және оқу үдерісін жетілдіру бойынша алдағы басым бағыттар анықталды.

3. Кәсіптік бағдар және мемлекеттік тапсырыс аясындағы қабылдау:
Мектеп бітірушілерді еңбек нарығына қажетті мамандықтарға бағыттау, кәсіптік және техникалық білімге баулу жөніндегі түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

4. Халықпен кездесулер нәтижесінде берілген тапсырмалар:
2024-2025 жылдар аралығында тұрғындармен кездесулер барысында хаттамаға енген мәселелердің орындалу барысы қаралды. Жауапты тұлғаларға тапсырмалардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету міндеттелді.

5. Орындаушылық тәртіп және азаматтардың өтініштері:
Аудан әкімінің жеке қабылдауларында және арыз-шағымдар негізінде берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауға алынғаны айтылды.

Жиын қорытындысында Азизхан Исмаилов әрбір сала жетекшісіне нақты тапсырмалар жүктеп, білім беру саласының қоғам дамуы үшін маңызын ерекше атап өтті. Мектеп директорлары мен білім бөлімінің мамандарына жүйелі және нәтижелі жұмыс жүргізу қажеттігі ескертілді.