Бәйдібек: аудан әкімінің орынбасары №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысымен танысты

Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Нұрпеис Ақбаев Шаян елді мекеніндегі №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне жұмыс сапарымен барып, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты.
Сапар барысында ол білім беру мен спорт бағытындағы жұмыстарды саралап, спорт мектебінің материалдық-техникалық базасын аралады. Мектеп басшылығы оқу-жаттығу үдерісі, секциялар құрылымы, жетістіктер және алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.
Кездесу барысында ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу мен қосымша спорт жабдықтарымен қамту қажеттілігі де көтерілді.
Нұрпеис Ақбаев жастарды спортқа тарту мен салауатты өмір салтын қалыптастыру — өңірдің әлеуметтік дамуындағы басым бағыт екенін айтып, мектеп жұмысына оң бағасын берді. Сонымен қатар, болашақта спорт инфрақұрылымын жақсарту мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.