Сауран: Құмтүйінде қайырымдылықпен қамтылған жаңа баспана

Құмтүйін ауылында жүрекке жылу ұялатар ерекше қайырымдылық шарасы өтті. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» ұранымен 1988 жылы туған бір топ азамат бір отбасыға арнап тұрғын үй тұрғызып, кілтін табыстады.
Салтанатты рәсімге Сауран ауданының әкімі Мақсат Асылбекұлы Таңғатаров пен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Тоймаханұлы Сүлейменов қатысып, игілікті іске ұйытқы болған азаматтарға алғыстарын білдірді.
Аудан басшысы бұл ізгілікті істің көпшілікке үлгі болатынын атап өтті:
«Бірлік пен жанашырлық – елдігіміздің негізгі тірегі. Бұл баспана – жай ғана көмек емес, қоғамдағы адамгершілік пен жанашырлықтың жарқын көрінісі», – деді ол.
2024 жылы басталған бұл бастама биыл жалғасын тауып, тағы бір отбасы жаңа шаңыраққа ие болды. Құрылыс жұмыстарына белсене атсалысқан азаматтарға аудан әкімдігі Алғыс хаттар табыстады. Ұйымдастырушылар мұндай игі істердің алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.