Сауран: Сапалы өндіріс – серіктестікке серпін

 

Сауран ауданына арнайы іссапармен келген Түркия Республикасының делегациясы өңірдің өндірістік әлеуетімен танысу мақсатында бірқатар нысандарды аралады. Делегация мүшелері «EDEM MEBEL» және «ТАК мебель» жиһаз цехтарының жұмысымен танысып, өндіріс орындарының мүмкіндіктеріне жоғары баға берді.

«EDEM MEBEL» фабрикасының директоры Икбол Абишев меймандарға кәсіпорынның өндірістік қуаты мен жетістіктерін таныстырды. Аталған цех жыл сайын 10 мың дана корпустық жиһаз шығарады. Өнімдерге Түркістан, Шымкент және Қызылорда облыстарында жоғары сұраныс бар. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған кәсіпорын тұтынушы талабына сай сапалы өнім ұсынып келеді.

Сондай-ақ, делегация «ТАК мебель» өндіріс орнының жұмысын да назардан тыс қалдырмады. Мұнда жылына 12 мың дана жиһаз айналымға шығарылады. Сапа жағынан шетелдік өнімдермен теңесе алатын отандық жиһаздар жергілікті нарықты толық қамтамасыз етіп отыр.

Кәсіпорындармен танысу барысында түркиялық қонақтар Сауран ауданындағы кәсіпкерлікке жасалып отырған қолдауға ризашылықтарын білдіріп, өндірістің даму әлеуетіне қызығушылық танытты. Ауданда шағын және орта бизнесті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Жиһаз өндірісі – осы бағыттағы табысты жобалардың бірі. Бұл салада жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып, өңір экономикасына серпін беруде.