Түркі әлемі муниципалитеттер одағының делегациясы Сауран ауданына арнайы сапармен келді

Бүгін Түркі әлемі муниципалитеттер одағының басшылық және өкілетті мүшелерінен тұратын делегация Сауран ауданына арнайы іссапармен келіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды кездесулер өткізді. Кездесу бауырлас елдер арасындағы мәдени-экономикалық байланыстарды дамытуға және әкімшілік басқарудағы тәжірибе алмасуға арналды.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров делегацияны ауданның әлеуеті, инвестициялық жобалары және тарихи-мәдени мұрасы туралы жан-жақты таныстырды. Бұл кездесу екі тарап арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, мәдени және экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге негіз қалады.
Түркі әлемі муниципалитеттер одағының сапары бауырлас халықтар арасындағы тарихи байланыстарды жаңа мазмұнда жалғастыруға ықпал ететін маңызды қадам болып табылады. Сондай-ақ, тараптар өзара тиімді әріптестік орнату және болашақтағы бірлескен жобаларға жол ашу мақсатында тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін білдірді.
Бұл іссапар Түркістан облысының халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығын кеңейтіп, өңірдің даму перспективасын арттыруға серпін береді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі