Сауран индустриясы: Түркі әлемі делегациясының қызығушылығын арттырған даму көшбасшылығы

 

Сауран ауданына арнайы келген Түркі әлемі муниципалитеттер одағының делегациясы ресми кездесуден кейін өңірдің өндірістік әлеуетін кеңінен танысты. Қонақтар индустриялық аймақтың ірі жобаларын аралап, жергілікті кәсіпорындардың инновациялық технологиялар мен инвестициялық мүмкіндіктерін ерекше бағалады.

Негізгі нысандардың бірі — 3,5 мың тонна көкөніс пен 500 тонна бакалея өнімін сақтауға арналған қойма. Бұл қойма өңірдің аграрлық саласындағы әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған. Сондай-ақ, делегация «BNK Group» компаниясының заманауи жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын цехтарын аралады. Кәсіпорын америкалық серіктестерімен бірлесіп, жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы құралдарын өндіреді.

Сонымен қатар, қонақтардың назарына «Aqniet Holding» серіктестігінің білім беру және медицина саласына арналған жиһаз өндіру жұмыстары ұсынылды. Компанияның «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 50-ден астам мекеме қажетті жабдықтармен қамтылған. Ең соңында делегация «Jasyl Suyq Qazaqstan» тоңазытқыш жабдықтарын өндіретін зауытқа барып, сапалы және заманауи өнімдердің ішкі нарықты қамтамасыз етуін көзбен көрді.

Бұл сапар — Сауран ауданының халықаралық әріптестік деңгейін көтеру мен өңірдің индустриялық әлеуетін танытудағы маңызды жетістік. Түркі әлемі муниципалитеттер одағы мен Сауран арасында тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері ашылып, бауырлас елдер арасындағы өзара сенімді нығайтуға ықпал етті.