С.ҚОЖАНОВ АУЫЛЫНДА АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІ ЖАҢАРТЫЛУДА: ТҰРҒЫНДАР ТАЗА СУҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ

Сауран ауданына қарасты С.Қожанов елді мекенінде ауыз су жүйесі толық жаңартылып жатыр. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округіне жасаған жұмыс сапары барысында елді мекен тұрғындарымен кездесіп, қолға алынған инфрақұрылым жобасының барысын көзбен көріп қайтты.
Ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру мақсатында жүргізіліп жатқан бұл жоба – су құбырларын күрделі жөндеуден өткізу арқылы халықты сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған. Құрылыс-монтаж жұмыстары бүгінде қарқынды жүріп жатыр. Жобаны Сауран ауданы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» тапсырыс беруші ретінде қадағалауда.
Ұзындығы 20,9 шақырым болатын жаңа су жүйесі іске қосылған соң, ауылдағы 235 үй, сондай-ақ екі мектеп, бір балабақша, мешіт пен зертхана – барлығы сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз етіледі. Бұл — тек тұрмыстық жағдайды ғана емес, әлеуметтік нысандардың жұмыс тиімділігін де арттырады.
Аудан басшысы нысан басында мердігер компания өкілдерімен жүздесіп, жұмыстың сапасы мен мерзімінде аяқталуы жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, жобаның уақтылы әрі талапқа сай орындалуын сала басшыларының тұрақты бақылауда ұстауы тапсырылды.
«Су – өмірдің өзегі. Сондықтан халықты таза ауыз сумен қамту – біздің басты міндетіміз. Бұл жоба тұрғындардың тұрмысын жақсартып, ауылдың әлеуметтік келбетін жаңартуға бағытталған», – деді Мақсат Таңғатаров.
Айта кетейік, бұл бастама – Сауран ауданында инфрақұрылымды жаңарту бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта өзге де ауылдарда осындай жобалар жалғасады.