Жетісайда Мырзашөл елді мекені табиғи газға қосылды

Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мерекелері қарсаңында Жетісай ауданының Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Мырзашөл елді мекені көгілдір отынға қосылып, жергілікті жұртшылыққа қуаныш сыйлады. Салтанатты шараға аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов қатысып, тұрғындардың қуанышын бөлісті.
Құрылыс жұмыстары республикалық бюджет есебінен жүргізілген. Жалпы құны 204,8 млн теңгені құрайтын жоба аясында «Exclusive Story Corporation» ЖШС мердігер мекемесі 9,062 шақырым газ құбырын тартқан. Енді 1220-ға жуық тұрғын табиғи газды тікелей пайдалану мүмкіндігіне ие болып отыр.
Қазіргі таңда Жетісай ауданындағы 105 елді мекеннің 86-сы немесе 81,9 пайызы табиғи газбен қамтылған. Құрылыс жұмыстары тағы 5 елді мекенде жүріп жатса, 4 ауылға арналған газ желісінің құрылысы басталуға жақын. Сонымен бірге 10 ауылдың жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сай, 2025 жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам елді мекенге көгілдір отын жеткізу жоспарланып отыр. Олардың қатарында Жаңа ауыл ауылдық округінің Жаңа ауыл, Қарой, Атақоныс елді мекендері, Ж.Ералиев ауылдық округінің Жетіқазына, Бәйтерек, Сейфуллин ауылдары және Мақталы мен Қызылқұм ауылдық округтерінің бірнеше елді мекендері бар.
Бұл бастама аудандағы тұрмыс сапасын арттырумен қатар, экологиялық және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудың нақты көрінісі болмақ.