Жетісайда қоғамдық көліктер паркі жаңартылды

 

Жетісай ауданында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мерекелері қарсаңында 14 жаңа шағын автобус ел игілігіне пайдалануға берілді. Қоғамдық көлік кілттері салтанатты түрде аудан әкімі Серік Мамытовтың қатысуымен тапсырылды.

Жолаушылар тасымалымен айналысатын «SAR avto» ЖШС мемлекеттік бағдарлама аясында аудан тұрғындарының аудан орталығына еркін әрі қауіпсіз қатынауын қамтамасыз ету үшін 10 бағыт бойынша қызмет көрсетуді кеңейтіп отыр. Бұл – аудан аумағындағы көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы нақты қадам.

Салтанатты шараға аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен еңбек ардагері Тойым Жүнісов те қатысып, жүргізушілерге жаңа автобустардың кілтін тапсырды.

«Басты мақсатымыз – жолаушыларға қолайлы жағдай жасау және көлеңкелі тасымалмен айналысатын заңсыз автокөліктермен бәсекелестік орнату. Қоғамдық көліктердің жаңартылуы – тұрғындар қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін маңызды қадам», – деді аудан басшысы.

Жаңартылған автобустар санитарлық және техникалық талаптарға толық сай, кондиционермен, бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Бұл жаңашылдық тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.