ЖЕТІСАЙЛЫҚ ШАРУАЛАР ҚҰЛПЫНАЙ ӨСІРУДІ ЖАНДАНДЫРУДА

ЖЕТІСАЙЛЫҚ ШАРУАЛАР ҚҰЛПЫНАЙ ӨСІРУДІ ЖАНДАНДЫРУДА
Үйіргелік жылыжайда жаңа бағыт – табысты кәсіптің кепілі

Жетісай ауданының Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Хасанбай ата» шаруа қожалығы биыл алғаш рет жылыжайда құлпынай өсіруді бастап отыр. Бұған дейін 0,08 гектар жерінде қияр, қызанақ, баклажан мен болгар бұрышы сынды көкөністерді өсіріп келген шаруашылық құлпынайға деген тұтынушылық сұраныстың артуына байланысты бағытын өзгерткен.

Қожалық жетекшісі Қабыл Раджаповтың айтуынша, қазір құлпынай өнімі көтерме бағада келісіне 2 мың теңгеден саудалануда. «Еккен сортымыз әр түптен жақсы өнім беріп отыр. Жылыжай жұмысын отбасы мүшелерімізбен бірге атқарудамыз. Егер алдағы уақытта көлемін ұлғайтсақ, жұмыс күші ретінде жалдамалы жұмысшыларды тарту жоспарда бар», – дейді ол.

Шаруа негізінен жылыжай жағдайына бейімделген «Мурана», «Анабиал» және «Альбион» сорттарын еккен. Бұл сорттар жыл бойы өнім беруге қабілетті. Биылғы жылы көшеттерді Сарыағаш ауданынан алдырған шаруашылық алдағы жылдан бастап көшет өндіруді де өздері қолға алмақ. Сұранысқа сай басқа қожалықтарды да көшетпен қамтамасыз ету мүмкіндігі барын жеткізді.

Жетісайлық шаруаның бастамасы аудан шаруаларына жаңа бағыт көрсетіп, құлпынай өндірісін кеңейтуге жол ашуда.