ТҮРКІСТАН: ДЕПУТАТТАР СПОРТ РЕЗЕРВІ МЕКТЕБІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ТҮРКІСТАН: ДЕПУТАТТАР СПОРТ РЕЗЕРВІ МЕКТЕБІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Бекзат Саттарханов атындағы мектеп-интернат-колледждің дамуы – назарда

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов бастаған депутаттар Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Бекзат Саттарханов атындағы облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне арнайы барып, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты.

Халық қалаулылары Алмас Сәлімов, Ғалымжан Елшібай, Қайрат Салыбек, Уәлихан Рахиев, Бахыт Басымбек, Ханай Әшірбеков және Ғани Райымбеков қатысқан шара аясында спортшылардың дайындығы мен мекеме жұмысының өзекті мәселелері көтерілді.

1964 жылы құрылған білім ордасы жалпы 8305 шаршы метр аумақты алып жатыр. Мекеменің басты бағыты – еліміздің құрама командалары үшін спорт резервін қалыптастыру, жастар мен жасөспірімдерді кәсіби спортқа баулу.

Кездесу аясында директор Зангар Каскаев баяндама жасап, мектеп-интернат-колледждің қазіргі жағдайы мен даму бағыты туралы мәлімет берді.

Жиын соңында облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әлмаханұлы спортшыларға лайықты жағдай жасау, олардың кәсіби қабілетін жан-жақты дамыту қажеттігін айтты. Депутаттар спорт саласындағы инфрақұрылым мен кадрлық қолдаудың маңыздылығына тоқталып, мекеменің мәселелері облыстық мәслихат назарында болатынын мәлімдеді.