Созақта ұлттық рухты ұлықтаған дүбірлі бәйге өтті

Созақ ауданында елге еңбегі сіңген қоғам қайраткері, Түркістан облысы мен ауданның Құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбекұлының 85 жасқа толуына арналған мерейтойлық шаралар аясында ұлттық ат спортынан дүбірлі бәйге ұйымдастырылды.
Аудан орталығындағы ипподромда өткен жарыстарда тай, құнан, тоқ бәйге және аламан бәйге түрлері бойынша жүйріктер додаға түсті. Тай мен құнан бәйгелеріне тек Созақ ауданының атбегілері қатысса, тоқ бәйге мен аламан бәйгеге еліміздің әр өңірінен келген тұлпарлар қатысып, тартысты бәсеке өрбіді.
Бас жүлде иегерлеріне заманауи автокөліктер – Chevrolet Monza және Changan CS55 Plus табысталды. Сонымен қатар, 5-орынға дейін қаржылай сыйақылар берілді.
Аламан бәйгенің жүлдесін облыстық мәслихат депутаты, шараны ұйымдастырушы Мағауия Тұрысбеков, ал қалған жүлделерді еңбек ардагерлері Аманғали Аймұрзаев пен Жеңісбек Мәуленқұлов салтанатты түрде табыстады.
Шара соңында Сексенбай Тұрысбекұлы жиналған жұртқа алғысын білдіріп, ақ батасын берді. Бұл мерейтой ел бірлігін, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған шынайы рухани шараға айналды.