Созақта Сексенбай Тұрысбекұлының 85 жасына арналған тағылымды кеш өтті

Созақ ауданында қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Түркістан облысының Құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбекұлының 85 жылдық мерейтойына арналған «Адал еңбек, арлы ғұмыр, сара жол» атты тағылымды кездесу кеші өтті. Іс-шара аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде ұйымдастырылды.
Елге сіңірген еңбегі мен азаматтық ұстанымына құрмет ретінде өткізілген кешке зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қоғам белсенділері мен мерейтой иесінің әріптестері қатысты. Кештің шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Серік Сахиұлы құттықтау сөзімен ашып, Сексенбай Тұрысбекұлының өмір жолынан тағылым алуға болатынын атап өтті.
Шара барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Аманбекұлы, қоғам қайраткерлері мен сала ардагерлері ардақты азаматтың ел дамуына қосқан үлесіне тоқталды.
Кештің көркемдік бөлігінде дәстүрлі әнші, ауданның Құрметті азаматы Кенжебай Шал ұлттық әндерді орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Сондай-ақ, мерекелік кеш аясында Сексенбай Тұрысбекұлына арналған «Теріскейдің текті түлегі» атты естелік кітаптың тұсауы кесілді. Журналист Өтеш Қырғызбаевтың қаламынан туған туындыда ел ағасының өмір жолы мен еңбектері кеңінен баяндалған.
Кеш соңында ардагерлер мен ел ағалары мерейтой иесіне ақ тілектерін білдіріп, ақ баталарын берді. Бұл тағылымды басқосу өскелең ұрпаққа өнеге, елге сіңірген еңбектің бағалануының жарқын көрінісі болды.