«Kazatomprom-SaUran» компаниясының 10 жылдығына арналған салтанатты шара өтті

Созақ ауданында «Kazatomprom-SaUran» компаниясының 10 жылдық мерейтойына арналған ауқымды салтанатты кеш өтті. Шараның ашылуында ұлттық нақыштағы әуендермен ерекшеленген «Керуен» этно ансамблі өнер көрсетіп, келген қонақтарға фотозона мен дәстүрлі шай үстелі ұсынылды.
Салтанатты кешке арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков компания ұжымын мерейлі мерекемен құттықтап, компанияның өңір дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті:
«Бұл — тек кәсіпорын мерекесі емес, еліміздің уран өндірісіндегі жетістігінің жарқын көрінісі. Компания әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын берік ұстанып, ауданның дамуына серпін беріп келеді», – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, компания басшысы Бауыржан Тоқсанбаев пен бас директордың орынбасары Азамат Рахманбердиев ұжым мүшелерін құттықтап, компания жетістіктерін атап өтті.
Мерекелік кеш аясында концерттік бағдарлама ұсынылып, көрермендерге Сәкен Майғазиев, Серік Гамзе Заде, «Qazaq Band», Роман Майғазиев, «Созақ серілері» сынды танымал өнерпаздар ән тарту етті. «Жауқазын» би тобы мен «Болашақ» бөбекжайының тәрбиеленушілері ұлттық нақыштағы би мен әндер орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Сондай-ақ, өндірісте озат атанған қызметкерлер мен үздік мамандар арнайы марапатталып, спорттық жарыстар жеңімпаздары да құрметке ие болды.
Шара барысында компанияның 10 жыл ішінде жүзеге асырған әлеуметтік жобалары кеңінен насихатталды. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысы, балалар инфрақұрылымы, робототехника кабинеттері, студенттерге көрсетілген қолдау сынды бастамалар өңірдегі тұрақты дамудың бір бөлігіне айналғаны айтылды.
Бұл мереке — тек еңбек жетістігінің емес, елмен етене байланыстың да салтанатты көрінісі болды.