Жексенбі, 8 Маусым

Созақтағы мектептерде соңғы қоңырау соғылды

 

Бүгін Созақ ауданындағы барлық мектептерде соңғы қоңырау үні соғылып, 2024–2025 оқу жылы ресми түрде аяқталды. Бұл күні мектеп бітіруші түлектер үшін ерекше есте қаларлық сәттердің бірі болды.

Аудан орталығындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінде өткен салтанатты жиынға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, шәкірттер мен ұстаздарды, ата-аналарды маңызды күнмен құттықтады.

«Бұл – тек оқу жылының қорытындылануы ғана емес, балалық шақпен қоштасып, жаңа өмірге қадам басатын шешуші кезең. Биыл аудан бойынша 15 388 оқушы білім алды. Оның ішінде 79 оқушы – «Алтын белгіге», 70 оқушы – «Үздік аттестатқа» үміткер. Бұл – ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен ата-аналар қолдауының нәтижесі», – деді аудан әкімі.

Шара барысында білім саласына еңбегі сіңген бірқатар ұстаздар марапатталып, ардагер ұстаздар мен мектептің 20 жылдық түлектері ізгі тілектерін білдірді.

Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, оқушылардың өнер көрсетуімен әрленді. Кеш соңында мектеп ауласы соңғы қоңырау үнінен тербеліп, түлектерге жаңа өмір жолына ақ жол тіленді.