Түркістан мен Қытай арасындағы туризмді дамытуға бағытталған меморандумға қол қойылды

Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасының туристік әлеуетін біріктіруге бағытталған маңызды қадам жасалды. Шанхай қаласында өтіп жатқан ITB China 2025 халықаралық туризм көрмесі аясында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов бастаған делегация қатысып, туризм саласындағы өзара ынтымақтастықты кеңейту мақсатында бірқатар келіссөздер жүргізді.
Іс-шара барысында облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов Түркістан өңірінің бай тарихи-мәдени мұрасы, табиғи көрікті жерлері мен заманауи туристік инфрақұрылымын таныстырып, өңірдің халықаралық туризмдегі әлеуетін жан-жақты таныстырды.
Кездесулер нәтижесінде Түркістан мен Қытай арасындағы туристік байланысты нығайтуға бағытталған келісімдерге қол қойылды. Атап айтқанда, Түркістанға қытайлық туристерді тарту мақсатында Қытайдың Beijing Fine Tour International Travel Service Co Ltd және CYTS Xinjiang Culture and Tourism Development Co., Ltd компанияларымен нақты келісімдер жасалды.
Бұл бастама екіжақты туристік ағымды арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық және мәдени байланыстарын кеңейтуге де сеп болмақ.