Отырарда түлектер тарту еткен балалар ойын алаңы ашылды

Бүгін еліміздің барлық мектептерінде 25 мамыр – Соңғы қоңырау мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Осыған орай Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мектеп-интернаттың 2005 жылғы түлектері туған мектептеріне ерекше тарту жасады — балаларға арналған ойын алаңын салып беріп, оның ашылу салтанатын өткізді.
Салтанатты шараға Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Серікжанұлы, ардагер ұстаздар Мейрамкүл Тұрлыбекова мен Шәрипа Үмбетова қатысты. Қонақтар жаңа нысанның лентасын қиып, игі бастамаға оң бағаларын берді.
«Туған жерге туыңды тік» деген ұлт нақылын ұран еткен түлектер туған ауылына, мектебіне деген ықыласы мен жанашырлығын нақты іспен дәлелдеді. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы төл перзенттерінің үлгілі ісі үшін алғысын білдіріп, түлектерді арнайы алғыс хаттармен марапаттады.
Шара аясында мектептің бастауыш сынып оқушылары арасында футбол жарысы ұйымдастырылды. Жарысқа қатысқан командаларға «Аманат» партиясының Отырар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркеғали Таңатаров тарапынан спорттық форма мен футбол доптары табыс етілді.
Жаңа ойын алаңы – балаларға арналған салауатты әрі қауіпсіз орта, ал түлектердің бұл тартуы – қоғамдық жауапкершіліктің жарқын үлгісі болды.