МУЗЕЙ ТҮНІ: ӨТКЕНГЕ САЯХАТ

Отырарда «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ұйымдастыруымен халықаралық «Музей түні» акциясы жоғары деңгейде өтті. «Отырар: Өткенге саяхат түні» атауымен өткен тарихи-танымдық кешке аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов, сондай-ақ музей-қорықтың директоры Айбек Жандосов қатысып, шараның маңыздылығына тоқталды.
Мәдени кеш аясында:
- Тақырыптық көрмелер мен экскурсиялар;
- Ұлттық тарихты ұлықтаған деректі фильмдер;
- Жас ұрпақтың білімін тереңдетуге бағытталған викториналар;
- Ұлттық ойындар, этнографиялық көріністер және театрландырылған қойылымдар;
- Әсем әндер мен түнгі аспан астындағы рухани кеш ұйымдастырылды.
Шара барысында музей ісіне елеулі үлес қосқан ардагерлер мен қызметкерлер арнайы марапаттармен құрметтелді.
Көпшілікке ерекше әсер қалдырған «Музей түні» – бұл бір кештің аясымен шектелмейтін, өткен мен болашақты жалғайтын рухани көпір іспетті. Қонақтар тарихи жәдігерлермен танысып қана қоймай, ұлттық мұраға деген құрметпен тарасты.
«Музей түні» – бұл тарихпен тілдесудің, ұлттық болмыспен қайта қауышудың түнгі симфониясы.