Отырарда балалар қауіпсіздігіне арналған кеңейтілген жиын өтті

Отырар ауданында балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кеңейтілген жиын ұйымдастырылды. Басқосу барысында жазғы демалыс кезеңінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханов, аудан прокуроры А.Сұлтанғалиұлы, ТЖ бөлімінің бастығы М.Кемелханов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Б.Нышанбаев, білім бөлімінің басшысы Қ.Шербаев, мектеп директорлары және олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Жиында 2024–2025 оқу жылында жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін сақтау тетіктері қарастырылды. Білім бөлімінің басшысы Қ.Шербаев биыл аудан бойынша 853 түлек мектеп бітіруде, олардың ішінде 88-і “Алтын белгіге”, 49-ы үздік аттестатқа үміткер екенін айтып, оқу жылындағы жетістіктерге тоқталды.
Сондай-ақ жиында ерте жүктілік, әлімжеттік, төтенше жағдайлардың алдын алу, суицид пен зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар талқыланып, «Қауіпсіз балалық шақ үшін!» акциясы аясында жүргізілген жұмыстар таныстырылды.
Полиция бөлімінің бастығы Б.Нышанбаев жазғы уақытта кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілде ата-анасының рұқсатынсыз жүруі, көлік құралдарын заңсыз басқаруы секілді жайттарға ерекше мән беру керектігін айтты.
Ал Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы М.Кемелханов суға шомылу қауіпсіздігіне тоқталып, сынып жетекшілер мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін ескертті.
Жиынды қорытындылаған А.Құлмаханов ұлы ғұлама Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» деген сөзін мысалға келтіріп, білім сапасы мен оқушылардың өмір қауіпсіздігіне барынша жауапкершілікпен қарауға шақырды.