Түркістан облысындағы колледждерде 9 жаңа сұранысқа ие мамандық ашылды

2025-2026 оқу жылында Түркістан облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 9 жаңа мамандық ашылып, оқу үрдісіне енгізілді. Бұл бастама «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жүзеге асып отыр.
Жаңа мамандықтар қатарында:
- Жүк көтергіш машиналар мен транспортерлерді басқару,
- Пайдалы қазбаларды жер астында өңдеу,
- Жаңартылған энергетика,
- Жеміс-көкөністерді сақтау және қайта өңдеу,
- Стоматология,
- Фармация секілді салалар бар.
Барлық мамандықтарға қажетті лицензиялар алынып, заңдастыру жұмыстары аяқталған. Бұл туралы өңірлік мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу жөніндегі комиссия отырысында мәлім болды.
Облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Бейсенбай Тәжібаев жастардың болашағы мен мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуын ескере отырып, тек еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға ғана қолдау көрсетілуі тиіс екенін атап өтті.
📌 «Қоғамға қажет емес мамандықтарға тапсырыс берудің еш жөні жоқ. Бұл – түптеп келгенде, жұмыссыздық пен ресурстың ысырап болуына апарады. Біз талапкерлерге болашаққа жол ашатын, кәсіби бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін салаларға басымдық беруіміз қажет,» – деді ол.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекованың мәліметінше, өңірдегі 17 аудан-қаладан, кәсіпорындар мен басқармалардан 23 мыңнан аса орынға 110 мамандық бойынша сұраныс түскен.
Биыл облыс бойынша колледждерге 15 500 білім гранты бөлінсе, соның 9600-і жұмысшы мамандықтарына арналған. Сонымен қатар IT саласына және инвестициялық жобаларға қажетті кадрларды даярлау бағытында арнайы шаралар қолға алынған.