ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА 48 ОТБАСЫ ЖАҢА ПӘТЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА 48 ОТБАСЫ ЖАҢА ПӘТЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ
Әлеуметтік әлжуаз топтарға баспана кілттері табысталды

Түлкібас ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған 48 отбасыға жаңа пәтер кілттері салтанатты түрде табысталды. Шараға аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев қатысып, тұрғындардың қуанышымен ортақтасты.

Аудан басшысы мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламаларының нәтижесінде көптеген азаматтардың баспаналы болып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ауданда қазіргі таңда 3 250-ден астам адам үй кезегінде тұрса, солардың ішінен бүгінгі таңда 48 азамат жаңа қонысқа көшіп отыр.

Пәтер иелерінің қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы және жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған отбасылар мен жас жанұялар бар. Солардың бірі – жеті баланың анасы Сұлушаш Нұрымбетова. Ол 2018 жылдан бері үй кезегінде тұрғанын айтып, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға ризашылығын білдірді.

Айта кету керек, осы жылдың наурыз айында аудан орталығындағы «Нұршуақ» шағынауданында тағы 56 пәтер иелеріне табысталған болатын. Осылайша, биылдың өзінде 104 түлкібастық отбасы жаңа баспаналы болды.