ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН ЖАҚСАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН ЖАҚСАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаевтың қатысуымен Түркістан қаласындағы №3 облыстық перинаталдық орталығында «Ана мен бала денсаулығын сақтау – перинаталдық көмекті жетілдірудің өзегі» атты республикалық дөңгелек үстел өтті.

Шараға еліміздің 20 өңірінен келген денсаулық сақтау мамандары, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев қатысты.

Жиында ана өлімін азайту, кадрларды нығайту, инфрақұрылымды жаңарту, телемедицина мен цифрландыруды дамыту мәселелері қаралып, әр өңірге жетекші орталықтардан үйлестірушілер тағайындалды. Қатысушылар №3 орталықтың неонаталдық, телемедициналық, диагностикалық бөлімдерінің жұмысымен танысты.

Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі Түркістан облысындағы №1 Облыстық перинаталдық орталыққа арнайы барып, ана мен бала денсаулығы саласындағы жұмыстармен танысты. 2025 жылдың алғашқы 4 айында орталықта 2335 босану тіркеліп, 542 кесар тілігі жасалды.

Орталықта жаңа технологиялар, «Дені сау ана» пансионаты, Катамнез кабинеті, триаж жүйесі сынды жаңашылдықтар енгізілген. Сондай-ақ, өткен жылы ашылған Ұрықты қорғау орталығы (ЦОП) мен клинико-диагностикалық зертхана жүкті әйелдер мен сәбилерге жоғары деңгейде қызмет көрсетеді. Орталық Түркістан облысының 8 ауданына кураторлық және санитарлық авиациялық көмек көрсетіп, өңірлік медицина дамуын жеделдетуде.