Сарыағашта ерекше балаларға арналған мерекелік дастархан жайылды

Сарыағашта ерекше балаларға арналған мерекелік дастархан жайылды,деп жазады Пресса24.кз.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Сарыағаш ауданында ерекше күтімді қажет ететін 100 балаға арналған мерекелік шара өтті. «Нәрлен» мейрамханасында ұйымдастырылған игі басқосуда балаларға арналған дастархан жайылып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын концерттік бағдарлама ұсынылды.

Қайырымдылық кешке аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, оларға жүрекжарды лебізін білдірді. Әр балаға арнайы сыйлықтар табысталды.

– Ерекше балалар – қоғамның тең құқықты әрі маңызды мүшелері. Олардың армандарын қолдау, өмірге деген құлшынысын арттыру – баршамыздың адами парызымыз. Бұл шара – сол мейірімділік пен жанашырлықтың көрінісі, – деді аудан басшысы.

Шара барысында балалар мен ата-аналардың жүзінен шексіз қуаныш пен ризашылық аңғарылды. Бүлдіршіндердің жарқын күлкісі мен қуанышты сәттері бұл күнді ерекше естелікке айналдырды.

Балалар – ел ертеңі. Сондықтан оларға жарқын болашақ пен қамқор орта қалыптастыру – әрбіріміздің ортақ міндетіміз.