ЖЕТІСАЙДА ТАЗАЛЫҚ САҚТАУ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ ЖҰМЫСТАРЫ СЫНҒА ҚАЛДЫ

 

Жетісай ауданына қарасты қала, кент және ауылдық округтерде санитарлық тазалық мәселесі өзекті болып отыр. Тұрмыстық қатты қалдықтар мен күл-қоқыстардың арнайы белгіленбеген жерлерде, көшелер мен жол бойларында шашылып жатуы тұрғындардың наразылығын туғызуда. Алайда, осы мәселеге қатысты ескерту мен жазбаларға қарамастан, айтарлықтай нәтиже байқалмайды.

Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов Жетісай қаласындағы мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме басшыларымен кездесіп, «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық акциясының аясындағы тазалық жұмыстарының жай-күйін талқылады.

Аудан басшысы сенбіліктің – ортақ іске жауапкершілікпен қараудың маңызды үлгісі екенін атап өтті. Ол көше тұрғындары, мөлтек аудан билері мен жергілікті учаскелік полиция қызметкерлерінің қатысуымен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, белгіленген заң мен тәртіпті бұзғандарға айыппұл салуды жолға қою қажеттігін айтты. «Заңға бағынбайтындар үшін өзгелер зардап шекпеуі тиіс», – деді Серік Үсенұлы.

Сонымен бірге, тазалыққа жауапты мекемелердің қызметінде кемшіліктер бар екені де айтылды. Биылғы жылдың басынан бері қала тұрғындарымен дұрыс келісім-шарт жасалмауы тұрмыстық қалдықтарды шығарудың төлемақысының төмендеуіне және бекітілген жұмыс кестесінің сақталмауына әкеп соқты. Көше бойларындағы және көппәтерлі үйлердің маңындағы қоқыс алаңшаларының тазалануы көңіл көншітпейді.

Күннің ысып, шыбын-шіркей мен қоқысқа үйір қаңғыбас ит-мысықтар, кеміргіштер көбейген кезде жұқпалы кеселдер тарау қаупі артуы мүмкін екенін ескертті. Сондықтан аудан әкімі тазалыққа жауапты мекеме басшыларына жұмыстарды тиімді үйлестіруді тапсырды және нәтижесін жеке бақылауға алатынын айтты.