ЖЕТІСАЙДА 1 МАУСЫМ – БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ АЯСЫНДА МЕРЕКЕЛІК ШАРАЛАР ӨТТІ

ЖЕТІСАЙДА 1 МАУСЫМ – БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ АЯСЫНДА МЕРЕКЕЛІК ШАРАЛАР ӨТТІ

Жетісай ауданында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні кең көлемде аталып өтті. Орталық саябақта өткен салтанатты іс-шараға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров қатысып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

Аталған мейрам алғаш рет 1950 жылы аталып өтіп, бүгінге дейін балалардың құқығы мен амандығын қорғау жолындағы маңызды күнге айналды. Бұл – әлемдегі әрбір баланың бақытты өмір сүруге құқылы екенін еске салатын ерекше күн.

Мерекелік кешті аудандық білім бөлімі мен «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы» бірлесіп ұйымдастырды. Шара аясында мектеп оқушылары арасында сурет байқауы өтіп, жеңімпаздар марапатталды. Сонымен қатар, 600 балаға балмұздақ тегін таратылып, кішкентай көрермендерге ерекше қуаныш сыйланды.

Концерттік бағдарлама барысында бүлдіршіндер ән шырқап, би билеп, көркем өнер туындыларын ортаға салды. Шараға жиналған ата-аналар мен тұрғындар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Айта кетейік, мереке тек орталықта ғана емес, ауданның барлық елді мекендерінде де атап өтіліп, түрлі ойын-сауық бағдарламалары мен сайыстар ұйымдастырылды. Шара барысында ешбір бүлдіршін назардан тыс қалмады.