Қазығұрт жастары зұлмат жылдарды үнсіздікпен еске алды

Қазығұрт жастары зұлмат жылдарды үнсіздікпен еске алды

Қазығұрт ауданынан шыққан бір топ жас 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Шымкент қаласындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне арнайы барып, тарихпен тілдескендей күй кешті. Өткен ғасырдың ең қайғылы беттерін парақтаған экскурсия кезінде олар жазықсыз жапа шеккен мыңдаған тағдырмен танысты.

Музейде жастар тарихи құжаттар мен сирек мұрағат деректерін тамашалап, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының өмір жолымен жақынырақ танысты. Экскурсия барысында музей қызметкерлері сол бір нәубет жылдардың ауыр шындығын баяндап, жиналғандарды ойға батырды.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, саяси қуғын-сүргін кезінде Қазақстан аумағындағы лагерьлерге 5 миллионнан астам адам айдалып, 125 мың адам жазықсыз сотталған. 25 мыңнан аса азамат ату жазасына кесілген. Құрбандар қатарында Алаш арыстары, ғылым мен мәдениеттің көрнекті өкілдері де бар.

Жастар бұл экскурсияның тек естелік сапар емес, тарихи сана мен ұлттық рухты оятатын тағылымды шара екенін айтып, болашақ ұрпақ ешқашан мұндай қасіретті ұмытпауға тиіс екенін жеткізді.