Мақтааралда 70 шақырым жол бойы тазартылды: 40 тонна қалдық жиналды

Мақтааралда 70 шақырым жол бойы тазартылды: 40 тонна қалдық жиналды

31 мамыр – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Мақтаарал ауданында кең көлемді сенбілік өтті.

Тазалық науқаны таңертең аудан кіреберісінен басталып, республикалық маңызы бар А-15 автожолы мен халықаралық М-39 көлік дәлізі бойында жалғасты. Ауқымды іс-шараға 4 мыңнан астам тұрғын мен 23 арнайы техника жұмылдырылды.

Жол жиегіндегі арам шөптер шабылып, қоқыс қалдықтары тазартылды. Нәтижесінде 70 шақырым аумақтан 40 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды. Экологиялық акция аясында халыққа қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөнінде түсіндіру жұмыстары да жүргізілді.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, биыл елді мекендерді абаттандыру бағытында ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 60 ескерту беріліп, 6 адамға айыппұл салынған. Әкімдік мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын хабарлап, тұрғындарды табиғатты аялауға белсенді араласуға шақырды.