Отырарда отбасылық эстафета өтті: “Әкем, анам және мен – біргеміз!”

Отырарда отбасылық эстафета өтті: “Әкем, анам және мен – біргеміз!”

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Отырар ауданында ерекше форматтағы отбасылық эстафеталық сайыс ұйымдастырылды. «Әкем, анам және мен» атауымен өткен бұл шара аудан орталығындағы Қажымұхан Мұңайтпасұлы атындағы спорт кешенінде өтті.

Салауатты өмір салтын насихаттап, отбасы, мектеп және бала арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында өткен жарысқа балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушылары ата-аналарымен бірлесіп қатысты. Эстафеталық бәсеке “Біртұтас тәрбие бағдарламасы” аясындағы Үштік одақ (мектеп–отбасы–бала) ұстанымын қолдауға бағытталды.

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы қатысып, балаларға қуаныш сыйлаумен қатар, олардың құқығын қорғау – барша қоғамның ортақ парызы екенін атап өтті. Сонымен қатар аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев отбасылық сайыстың тәрбиелік мәні зор екенін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыс “Таныстыру”, “Кім жылдам?”, “Допты алып өт”, “Ептілік”, “Жеңіс туы” секілді бес кезеңнен тұрды. Қатысушылар тек жылдамдық пен ептіліктерін ғана емес, ұйымшылдық пен бірліктерін де сынады.

Сайыс қорытындысында белсенділік танытқан бүлдіршіндер мен ата-аналар түрлі номинациялар бойынша марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.