Қазығұрттағы қарқын: индустриалды аймақта өндіріс өркендеуде

Қазығұрттағы қарқын: индустриалды аймақта өндіріс өркендеуде

Қазығұрт ауданындағы «Қазығұрт» индустриалды аймағы – Түркістан облысының өндірістік әлеуетін арттырып отырған ірі алаңдардың бірі. Мұнда құны 4,9 млрд теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба қолға алынып, 249 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделген. Бүгінде соның жартысына жуығы – 4 жоба іске қосылып, 123 жұмыс орны ашылып үлгерді.

Аймақ басшысының орынбасары Талғат Қозбеков жұмыс сапарымен ауданға барып, іске қосылған және құрылыс сатысындағы өндірістік жобалармен танысты. Ол инвесторлармен жұмысты жандандыруды және өндіріс нысандарын уақытылы тапсыруды тапсырды.

Қазіргі уақытта 3 гектар аумақта болат шарларын шығаратын «Билол» ЖК зауытының құрылысы 80 пайызға орындалып, құрал-жабдықтар жеткізілген. Ал «TIMUR.LES» ЖШС жиһаз, полиуретанды көбік және бөлшек тақта шығару зауытын, «AGRO irrigation» ЖШС су үнемдеуге арналған полиэтилен құбырларын өндіру кәсіпорнын іске қоспақ. Бұл жобалар бойынша құрылыс мамыр айында басталып, бүгінде жер телімдері рәсімделіп, құрылысқа кірісілген.

Индустриалды аймақта жұмыс істеп тұрған жобалар қатарында – табиғи шырынды сусын өндіретін «Көрік ШҚ» ЖШС, жылына 1100 тонна дайын өнім шығаратын «CG Foods Central Asia» ЖШС бар. Бұл кәсіпорын өнімдерін Қазақстанмен қатар, Ресей мен Орта Азия елдеріне экспорттауда. Мұнда 100-ден астам адам еңбек етуде.

Сондай-ақ, автоматтандырылған ауыз су және капсула өндірісімен айналысатын «Асыл» ЖШС мен су қоймасына 200 мың шабақ жіберіп, балық өсірумен айналысатын «Сабит» ШҚ жобалары да индустриалды аймақтың әлеуетін көрсетуде.

Қазығұрттағы бұл жобалар тек экономиканы ғана емес, өңір халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға да серпін беріп отыр.