Түркістан: Инвестициялық штаб отырысында жобалардың өзекті мәселелері талқыланды

Түркістан: Инвестициялық штаб отырысында жобалардың өзекті мәселелері талқыланды

Түркістан облысында Инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтіп, өңірдегі ірі жобаларды іске асыру барысы мен кездескен түйткілдер ашық талқыланды. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.

– Әрбір инвестициялық жобаның артында жұмыс орны, табыс, экономикалық серпін тұр. Сондықтан бұл мәселеге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Әкімдік тарапынан барлық қолдау көрсетіледі. Бірақ жобалар уақытында және сапалы орындалуы тиіс, – деді өңір басшысы.

Жиын барысында Сайрам ауданында салынып жатқан ет комбинаты мен бордақылау алаңы, Түркістан қаласында қаптама материалдары мен полиэтилен өнімдері өндірісіне арналған зауыттардың құрылысы кеңінен сөз болды. Сонымен қатар сэндвич-панельдер, жарық шамдары, поролон, қасбеттік және орау материалдарын шығару бағытындағы жобалар таныстырылды.

Ауыл шаруашылығы техникасын өндіру, Арыстағы минералды су цехын кеңейту, Төлеби ауданындағы кіші ГЭС құрылыстары да күн тәртібіне енгізілді. Бұдан бөлек, Шардара ауданындағы жүгері өңдеу зауыты, Мақтааралдағы мақта тұқымын өңдеу және тамшылатып суару жүйелері мен құбыр өндірісі бойынша ірі жобалар талданып, олардың алдағы даму перспективалары қарастырылды.

Жиын соңында облыс әкімі жобаларды іске асыруда орын алған кедергілерді жедел шешіп, инвестиция тарту қарқынын бәсеңдетпеу керектігін атап өтті.