САЙРАМДА БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ АЯСЫНДА МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

САЙРАМДА БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ АЯСЫНДА МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет клубында «Қазақстан балалары» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Балғындарға арналған шараға аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев қатысып, ізгі тілегін арнап, балаларға жарқын жазғы демалыс тіледі.
Мереке барысында «AMANAT» партиясының аудандық филиалы, «Отбасын қолдау орталығы» және аудандық білім бөлімі өкілдері сөз сөйлеп, бала құқықтарын қорғау мен олардың әл-ауқатына қоғамның жауапкершілікпен қарауы қажет екенін атап өтті.
Шара аясында балаларға сыйлықтар мен жазғы сауықтыру лагеріне жолдамалар табысталып, бүлдіршіндердің қуанышын еселей түсті. Сонымен қатар, «Балалар әлемі – кітаптар әлемі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған танымдық іс-шаралар өтті.
Мерекелік кеш балалар мен ата-аналарға арналған концерттік бағдарламамен қорытындыланып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.