САЙРАМ: АУДАН ӘКІМДІГІНЕ ТҮСКЕН ӨТІНІШТЕР САНЫ АРТҚАН

2025 жылдың алғашқы төрт айындағы тұрғындар өтініштеріне жүргізілген талдау аудан әкімі Арман Сабитовтың төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте талқыланды. Баяндамашы — аудан әкімі аппаратының бөлім басшысы Назира Амалбекқызының айтуынша, 1327 өтініш тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда өсім байқалған.

Негізгі көтерілген мәселелер:

  • Әлеуметтік көмек;
  • Жер қатынастары;
  • Инфрақұрылым.

Көптеген өтініштер аудан әкімінің орынбасарларына, бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне бағытталған. Кейбір тұрғындар бір мәселе бойынша бірнеше мәрте жүгінген. Бұл — азаматтардың белсенділігін және мемлекеттік органдардан нақты жауап алуға деген сұранысты көрсетеді. Сонымен қатар, өтініштер санының артуына eGov, eOtinish сияқты электронды платформалардың қолжетімділігі де ықпал еткен.

Алайда, талдау барысында кейбір өтініштердің қаралуында рәсімдік талаптардың сақталмауы, техникалық дәлсіздіктер мен мерзімдік кідірістер орын алғаны атап өтілді. Осыған орай, өтініштерді сапалы әрі уақтылы қарау, азаматтармен кері байланысты нығайту бойынша бірқатар ұсыныстар берілді.

Аудан әкімі Арман Сабитов сала жетекшілеріне әрбір азаматтың мәселесіне жауапкершілікпен қарап, өтініштерді нақты әрі дер кезінде қарауды тапсырды.