ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТІК ТҮЛЕК ЕУРОПА ЖӘНЕ АЗИЯ ЕЛДЕРІНЕН БІЛІМ ГРАНТТАРЫН ЖЕҢІП АЛДЫ

Түркістан облысы Келес ауданындағы №2 Ө.Жәнібеков атындағы мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Әбубәкір Арманұлы шетелдік бірқатар беделді жоғары оқу орнынан халықаралық білім гранттарын жеңіп алды. Жас түлек Франция, Италия, Литва және Малайзия университеттерінен ресми шақырту алған.
Атап айтқанда, ол:
- Италияның John Cabot University оқу орнынан – 50% оқу грантына,
- Франциядағы American University of Paris университетінен – 70% грантқа,
- Литвадағы LCC International University оқу орнынан – жартылай грантқа,
- Малайзиядағы Xiamen University Malaysia университетінен – толық 4 жылдық оқу грантына ие болды.
Бұл жетістік – бірнеше жылдық қажырлы еңбектің, жүйелі дайындық пен үздіксіз қолдаудың нәтижесі. Арманұлының жетістігінде ата-анасының демеуімен қатар, ағылшын тілі пәні мұғалімі әрі сынып жетекшісі Ұлықбек Бердалиевтің кәсіби бағыт-бағдары ерекше рөл атқарды.
Қазіргі таңда Әбубәкір Түркия үкіметінің Türkiye Bursları, Болгариядағы American University in Bulgaria және Оңтүстік Корея университеттерінен де нәтиже күтуде.
Ақпарат Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды.