ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ЖАҢА БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢШАСЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы Түлкібас ауданында балаларға арналған жаңа ойын және спорт алаңы пайдалануға берілді. Заманауи құрылғылармен жабдықталған нысан Түлкібас кентінің орталығында орналасқан.

Алаңша аумағында кіші футболға арналған алаң, жұмсақ жабынмен көмкерілген сырғанақтар мен әткеншектер, сондай-ақ жаттығуға арналған құрылғылар орнатылған. Жоба балалардың бос уақытын тиімді өткізуге, дене белсенділігін арттыруға бағытталған.

Ашылу рәсіміне аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев қатысып, тұрғындарды жаңа нысанмен құттықтады.

Ауданда бүгінгі таңда 63 шағын футбол және ойын алаңы, 2 стадион мен 3 жекеменшік жабық футбол манежі бар. Биыл халық тығыз қоныстанған «Көкжайлау» ықшам ауданы мен Сейдалиев көшесінде де балалар алаңшалары салынбақ.