Қазығұртада мемлекеттік қызмет сапасына арналған кең ауқымды шара өтті

Қазығұрт ауданында «Қызмет алушылар күні» атты іс-шара ұйымдастырылды. Бұл бастама ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің «Клиентке бағдарланған мемлекеттік аппарат» қалыптастыру жоспары аясында жүзеге асырылды.
Шараның басты мақсаты – халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және кері байланыс арқылы қызмет сапасын жақсарту.
Іс-шараға Халыққа қызмет көрсету орталығы, полиция бөлімі, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Тұрғындарға тіркеу, құжат рәсімдеу, әлеуметтік көмек пен жұмысқа орналасу сияқты мәселелер бойынша кеңестер берілді.
Сондай-ақ, eGov порталы мен eGov Mobile қосымшасының мүмкіндіктері, Telegram-боттар және шағым жолдау тетіктері жайлы толық ақпарат ұсынылып, арнайы нұсқаулықтар таратылды.