Жексенбі, 8 Маусым

Түлкібаста Мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде аталып өтті

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні Түлкібас ауданында салтанатты, әрі тәрбиелік мәні зор іс-шаралармен өтті. Аудан аумағындағы барлық ауылдық округтер мен кенттерде бір мезетте Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран орындалып, рәміздердің маңызы мен рухани құндылығы жайлы патриоттық мазмұндағы сөздер айтылды.

Аудан орталығында өткен басты жиынға аудан әкімі Асқар Естібаев, аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев, мектеп оқушылары, колледж студенттері мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген Асқар Сұлтанұлы:

«Ту, Елтаңба, Әнұран – бұл тек белгілер емес, бұл – ұлттың болмысы, мемлекеттің тұғыры, халықтың рухын көтеретін қасиетті құндылықтар. Рәміздер – бізді біріктіретін, ортақ мақсатқа жетелейтін ұлы нышандар. Сондықтан әрбір азамат Мемлекеттік рәміздерді тұмардай қастерлеп, құрметтеуге тиіс», – деп жиналған жұртшылықты құттықтады.

Жиын соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары «Көк тудың желбірегені» әнін жанды дауыста орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.