ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ҚҰРЫЛЫСЫ ЖІТІ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы қарқын алып келеді. Облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев Сарыағаш, Қазығұрт және Төлеби аудандарына жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысандардың құрылыс барысын тексерді.
Сарыағаш ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 900 және 300 орындық екі мектеп бой көтеруде. Сонымен қатар, 48 пәтерлі екі тұрғын үй кешенінің және жаңа буынды дамыту орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Аппарат басшысы жұмыстың сапасына мән беріп, белгіленген мерзімнен кешіктірмеуді ескертті.
Қазығұрт ауданында биылғы наурызда басталған 6 екі қабатты арендалық үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, Шарбұлақ ауылында жеке инвестор есебінен ашық және жабық спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жобаның құны – 550 млн теңге.
Төлеби ауданында «Қарақуыс» су қоймасын қалпына келтіру жұмыстары таныстырылды. Су қоймасының көлемі – 1 млн текше метр. Сонымен бірге, Киелітас ауылында Мәдениет үйі, ал Достық, Ынтымақ және Қосағаш елдімекендерінде үш мектептің құрылысы жалғасуда. Ленгір қаласында 5 қабатты үш тұрғын үй салынып жатса, Көксәйекте 600 орындық мектеп пен спорт кешені бой көтеріп келеді.
Аппарат басшысы барлық нысандар бойынша жауапты мердігерлерге сапа мен уақыт талабын қатаң сақтау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.





