САРЫАҒАШТА ТАЗА СУ – ТҰРМЫС САПАСЫНЫҢ КЕПІЛІ

Сарыағаш ауданында ауыз сумен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Қазіргі таңда бірқатар елді мекендерде инфрақұрылым тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аудан әкімі Арман Абдуллаев жұмыс барысын көзбен көріп, нысандарды аралады. Ол мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар беріп, сапа мен мерзім басты назарда болуы тиіс екенін қатаң ескертті.
Ақүй ауылында ауыз су жүйесінің құрылысы белсенді жүргізілуде. Мұнда «FS Development Group» ЖШС тарапынан ұзындығы 11 шақырымнан астам су құбыры тартылып, 140-қа жуық құдықша орнатылуда. Бұдан бөлек, су ұңғымасын қазу жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр.
Ал Таскескен елді мекеніндегі Т.Омаралиев, Ақбосаға және Жетіқыр көшелері де таза су жүйесіне қосылуға бір табан жақын. Қазірдің өзінде 2 шақырымға жуық құбыр тартылып, ондаған құдықшалар қойылған. Жобаның жүзеге асуына аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жауапты.
Сала мамандарының айтуынша, құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Алдағы уақытта өзге ауылдық округтерде де осы бағыттағы жобалар іске аспақ.
Таза ауыз су – тұрғындардың денсаулығы мен әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан аудан басшылығы бұл істі әлеуметтік маңызы жоғары мәселе ретінде қарастырып отыр.





