Түркістанда «Voice of Turan – 2025» халықаралық қазақ әндері фестивалі бастау алды

Киелі Түркістанда ән мен руханиятты тоғыстырған халықаралық «Voice of Turan – 2025» фестивалі басталды. Мерекелік шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, Португалия елшілігінің өкілі Жозе Атаиде Амарал және 17 елден келген меймандар қатысты.
«Керуен сарай» кешенінде өткен ашылу салтанатында қатысушылар қазақ тілінде ән шырқап, елге рухани ләззат сыйлады. Шараға Қырғызстан, Түркия, Индонезия, Оңтүстік Африка, Португалия және тағы басқа елдерден келген кәсіби әншілер қатысуда.
Фестивальдің басты мақсаты – қазақ тілін, ұлттық музыка мен авторлық шығармаларды насихаттау, сондай-ақ Түркістанды түркі әлемінің рухани орталығы ретінде халықаралық деңгейде таныту.
Фестивальдің бас продюсері – Мейіржан Алиакбаров. Жобаны Түркістан облыстық мәдениет басқармасы мен Мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырып отыр.
🎤 Фестивальдің ерекшелігі:
- Биыл алтыншы рет өтуде;
- Ашық аспан астында ұйымдастырылған;
- Қатысушылар арнайы бейнероликтер арқылы таныстырылды;
- Қазылар алқасы құрамында Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Маржан Арапбаева сынды танымал тұлғалар бар.
21 маусымда фестивальдің негізгі байқау кезеңі өтеді. Қазылар алқасы үздік орындаушыларды анықтап, жеңімпаздарды марапаттайды. Кеш қонақтары ретінде «Меломен» тобы, Ғазизхан Шекербеков, Қазыбек Құрайыш пен португалиялық әнші Лара Алейшо сахнаға шығады.





