Төлеби ауданында өткен сенбілікке әлем чемпионы Арман Оспанов қатысты

Төлеби ауданында өткен сенбілікке әлем чемпионы Арман Оспанов қатысты
– деп хабарлайды Пресса24.kz тілшісі.
«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Түркістан облысының Төлеби ауданында кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық акциясына әлемдік ареналарда ел намысын қорғап жүрген белгілі спортшы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Арман Оспанов та қолдау білдірді. Ол әскери самбодан үш дүркін әлем чемпионы, жауынгерлік самбодан үш мәрте әлем кубогының иегері, бразилиялық джиу-джитсудан екі дүркін Азия чемпионы және ережесіз жекпе-жектен халықаралық турнир жеңімпазы ретінде көпшілікке танымал.
Біркөлік шатқалында өткен сенбілікке аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың бастамасымен 100-ден астам мемлекеттік қызметкер мен жергілікті тұрғын қатысты. Қатысушылар 12 шақырым аумақты күл-қоқыстан тазартып, жиналған қалдықтарды 6 арнайы техникамен полигонға жеткізді.
Тазалық жұмыстары барысында демалыс аймағындағы өзен жағалаулары, жол жиегі мен табиғи аумақтар тазартылды. Шарада сөз алған Арман Оспанов пен аудан әкімі табиғатты қорғау — әр азаматтың парызы екенін айтып, жұртшылықты қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, экологиялық мәдениетті көтеруге үндеді.
Игі бастама өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға және жұртшылықтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.





