Арыста екі табиғатты қорғау мекемесіне арнайы ғимарат берілді

Арыста екі табиғатты қорғау мекемесіне арнайы ғимарат берілді, – деп хабарлайды Пресса24.кз тілшісі.

Түркістан облысының Арыс қаласында қоршаған ортаны қорғауға жауапты екі мекеме жаңа ғимараттарға қол жеткізді.

«Сырдария–Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» мекемесінің Сырдария филиалы енді Қожатоғай ауыл округіндегі Есқара ата елді мекенінде өз ғимаратында жұмысын жалғастырады. Нысан Сырдария өзенінің жағасына жақын орналасқан.

Ғимараттың жанынан биіктігі 7 метр болатын бақылау мұнарасы тұрғызылып, 50 шақырым аумақты қамтитын радиобайланыс орнатылған. Үш тікұшақ алаңы да салынған.

Сонымен қатар, толық жөндеуден өткен тағы бір нысан «Қорған» жедел қызметінің иелігіне беріліп, мекеме бес патрульдік көлікпен қамтылды.

Аталған инфрақұрылым облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің Арыс қаласына сапары кезінде таныстырылды. Ол жаңа ғимараттарды қарап, қаладағы көгалдандыру жұмыстарының барысын тексерді.

«Жасыл Арыс» тұқымбағына бару барысында шенеунік 8 түрлі 100 мыңнан астам көшеттің жай-күйімен танысты. Су тамшылатып суару әдісімен жүргізіліп, пайдаланылған кәріз суы толық тазартылған соң қайта қолданылуда.