«АРЫС АҚИҚАТЫ» ГАЗЕТІНЕ — 90 ЖЫЛ ТОЛДЫ

Арыс қаласында өңірлік баспасөздің қарашаңырағы — «Арыс ақиқаты» газетінің 90 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті.

Торқалы тойға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын-журналист Қазыбек Иса, аудан-қалалық газеттердің бас редакторлары, ардагер журналистер, БАҚ өкілдері мен оқырмандар және басылым жанашырлары қатысты.

Мерейтой аясында газет редакциясы жанынан құрылған әдебиет және өнер бірлестігінің ашылуы өтті. Бұл бастама жергілікті қаламгерлер мен өнер иелерін қолдауға арналған тың қадам ретінде бағаланды.

Сонымен қатар газет тізгінін ұзақ жыл ұстаған, ақын Сабырхан Әлбекұлының шығармашылығына арналған көрме Абай атындағы қалалық кітапханада көпшілік назарына ұсынылды.

Мәдениет сарайында өткен мүсінші Мүтәліп Күздеубаевтың көрмесі де мерейтойдың маңызын арттыра түсті. Өнер иесінің тарихи және рухани тақырыптағы туындылары көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Салтанатты шарада қала әкімінің орынбасары Ерғали Омарұлы құттықтау сөз сөйлеп, басылымда қызмет атқарған журналистерді «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» және «Арыс ақиқаты газетіне 90 жыл» төсбелгілерімен марапаттады.

Ардагерлер мен қаламгерлер өткен жылдарды еске алып, естеліктерімен бөлісті. Мерейтой соңы концерттік бағдарлама және қонақтарға жайылған мерекелік дастарханмен жалғасты.

1935 жылы алғаш жарық көрген басылым әр жылдары «Социалистік жол», «Коммунизм таңы» атауымен шығып, Тәуелсіздік алғаннан кейін «Арыс ақиқаты» атын алды. Газет беттерінде Бейсенбай Кенжебаев, Садықбек Адамбеков, Дулат Исабеков, Қосжан Мүсірепов сынды қазақ әдебиетінің айтулы тұлғаларының қолтаңбасы қалған.

«Арыс ақиқаты» — өткеннің шежіресі, бүгіннің шынайы келбеті, ертеңнің үміті.