ТӨЛЕБИДЕ ТАНЫМАЛ СПОРТШЫНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ТАЗАЛЫҚ ШАРАСЫ ӨТТІ

Төлеби ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында өткен сенбілікке әлемдік деңгейдегі спортшы Арман Оспанов арнайы қатысты. Белгілі чемпион туған жеріндегі шараға қолдау білдіріп, тазалыққа атсалысты.

Біркөлік шатқалында өткен акцияға аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов бастаған 100-ден астам мемлекеттік қызметкер мен тұрғындар жұмылдырылды. Қатысушылар демалыс аумағын, өзен жағалауларын және жол бойын тұрмыстық қалдықтан тазартып, 12 шақырым аумақты қамтыған сенбілік барысында жиналған қоқыс 6 техника арқылы арнайы орындарға жеткізілді.

Айта кетейік, Арман Оспанов — әскери самбо және жауынгерлік жекпе-жек бойынша бірнеше мәрте әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпазы. Туған өлкедегі тазалық шарасына қатысуы арқылы ол экологиялық жауапкершілікке үлгі боларлық қадам жасады.