Шымкентте ерекше балалар спорт арқылы жарқырады

Шымкент қаласында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған инклюзивті спорт фестивалі өтті. Бұл – жай ғана жарыс емес, нағыз рух пен қайсарлықтың, сенім мен жігердің мерекесі болды.

Жоғары спорт шеберлігі мектебінде өткен іс-шара Children Paralympic Games аясындағы іріктеу кезеңінің бір бөлігі. Мақсат – ерекше балалардың спорттағы дарынын таныту, оларды жаңа белестерге жетелеу.

Фестиваль «Саламатты Шымкент» жобасының қолдауымен өтті. Жобаны «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры Samruk-Kazyna Trust пен Шымкент қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп жүзеге асырып келеді. Қазірдің өзінде бұл бастама 100-ден аса баланы спортпен тұрақты түрде айналысуға тартты.

«Спорт барлығына қолжетімді болуы керек. Біздің балаларымыз кез келген ортада өз мүмкіндігін көрсете алатын деңгейде», – дейді қордың Шымкенттегі үйлестірушісі Бибігүл Жүніс. Оның айтуынша, бұл тек спорттық шара ғана емес, ерекше балалардың әлеуетін ашатын үлкен алаң.

Фестиваль барысында жүзу, таэквондо, каратэ және жеңіл атлетика сияқты спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, ең үздіктерге Астанада өтетін республикалық сайысқа жолдама берілді. Шымкенттен бұл додаға 50-ден аса бала қатысады деп күтілуде.

Жергілікті спорт мектептері мен орталықтары – ерекше балалардың дамуына серпін беріп жүрген негізгі серіктестер. Солардың бірі – №1 мамандандырылған спорт мектебі. Оның басшысы, Олимпиада жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков мұндай іс-шаралардың балаларға берері мол екенін атап өтті.

«Бұл балалардың жанарынан от көрінді. Олар үшін спорт – тек жаттығу емес, бұл – өмірге деген құштарлықтың көрінісі. Бүгінгі жарыста біз олардың сол құштарлығын айқын сезіндік», – деді ол.

  1. Фестиваль соңында қатысушыларға арнайы марапаттар табысталып, инклюзивті хореография және таэквондо шеберлік көрсетілімдері өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл дәстүр жыл сайын жалғасып, бұдан да ауқымды деңгейде өткізіледі.